Атакент
“Атакент” — Қазақстандағы іскерлік ынтымақтастық орталығы, акционерлік қоғам. 1992 ж. ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен құрылған. Негізгі мақсаты — экон. және өндірістік-коммерц. байланыстардың, іскерлік ынтымақтастықтың, кәсіпкерліктің, отандық экономиканың әлемдік экон. жүйемен интеграц. байланысының дамуына ықпал жасау. Құрылтайшылары — республиканың ірі компаниялары, банктері және жеке кәсіпкерлер. Құрамында алты еншілес фирма мен компания бар. Олар “Атакент-Экспо”, “Көрме сервис”, халықар. “Атакент-Сауда” сауда үйі, “Атакент-Сақтық”, “Атакент-Отель”, “Атадан” Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны. “Атакент-Экспо” халықаралық ұлттық арнайы көрмелер ұйымдастырады. Жәрмеңке, бизнес-байланыстар ұйымдастырып, конференциялар өткізеді, көрме стендтері құрылысы мен безендіру жұмыстарын жүргізеді. “Көрме-Сервис” коммуникац. қызметпен толық қамтамасыз етеді. Халықар. “Атакент-Сауда” сауда үйі халықар. сауда жұмысын, тауарларды сату алдындағы дайындық және маркетинг, консигнация (тауарды сату үшін несиеге беру) жұмыстарын орындайды. “Атакент-Сақтық” коммерц. қаржыны сақтандырады. “Атакент-Отель” шетелдік фирмалар мен компаниялар өкілдерін қабылдау, орналастыру және сервистік қызмет көрсету ісімен шұғылданады. Ал, “Атадан” Қазақстан-германия бірлескен кәсіпорны шетелдік, отандық фирмалар ұйымдастырған жәрмеңкелер мен көрмелердің барлық түріне қызмет көрсетеді. “А.” акицон. қоғамының иелігінде 650 мың м2 жер бар, оның 15 мың м2-інде үйлер, ғимараттар және түрлі құрылыс объектілері орналасқан. Олардың көбісі көрме жұмысына лайықталып салынған ғимараттар, көрме алаңдары т.б. құрылыстар.
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|