Мазмұнға өту

Twitter

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Twitter
Уикипедияның 15 жылдық қарсаңында твиттердегі ресми парақшасының мұқабасы
URL

twitter.com

Коммерциялық

иә

Сайттың түрі

микроблогинг қызметі

Тіркелу

қатысу үшін керек

Тіл(дер)і

ағылшынша, испанша, италиянша, корейше, немісше, орысша, түрікше, французша, жапонша

Кірушілер саны

1,3 млрд (тіркелген)[1]
319 млн (белсенді)[2]

Сервердің орналасқан жері

 АҚШ, Сан-Франциско, Калифорния

Иесі

Илон Маск

Авторы

Джек Дорси, Эван Уильямс, Биз Стоун

Ашылған уақыты

15 шілде 2006 жыл

Қазіргі статусы

жұмыс істеп тұр

Айналымы

3,72 млрд $ (2020)[3]

Таза табысы

-1,13 млрд $ (2020)[3]

Twitter (ағылш. Twitter — «сайрау», ауыспалы мағынасы «көп сөйлеу»[4]) — қысқа мәтіндік жазбалар жазуға арналған уеб-сайт немесе жүйе. Сондай-ақ SMS жіберу арқылы немесе арнайы сыртқы клиент-бағдарламалар көмегімен жазба қалдыру мүмкіндігі бар.

Тwitter-дің бас кеңсесі Сан-Франциско қаласында (Калифорния штаты) орналасқан. Сондай-ақ Сан-Антонио (Техас штаты) мен Бостон (Массачусетс штаты) қалаларында оның серверлері мен кеңселері бар[5].

2011 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша оның 200 млн-нан астам тұтынушылары бар. Олардың 50 млн-ы твиттерді күнделікті пайдаланатын болса, 100 млн тұтынушы оның көмегіне жоқ дегенде айына бір рет жүгінеді. Тұтынушылардың 55 пайызы твиттерді мобилді гаджеттер арқылы қолданады.

2010 жылы Твиттердің кіріс мөлшері (онлайн жарнама арқылы түскен қаржы) 45 миллион АҚШ долларын құраса, eMarketer аналитикалық компаниясының болжамына сенсек, Твиттерге келетін кіріс мөлшері уақыт өте келе үш есе артып, 150 миллион АҚШ долларына дейін жетеді. 2007 жылы өткен South by Southwest фестивалінен кейін Твиттерге деген сұраныс арта түсті. Твиттерді қолдану күніне 20 000 твиттен 60 000-ға дейін жетті. Твиттер қызметкерлері фестивальдің Web Award сыйлығын ұтып алды.

2010 жылдың 14 қыркүйегінен бастап Твиттер сайтты қайта өңдеп, өз логотипін жаңартты. Сол жылдың 24-қыркүйегінде тұтынушылар видео және фотосуреттерді қарауға мүмкіндік беретін сайттың жаңа нұсқадағы көрінісін тамашалады. Сондай-ақ бұл жаңа нұсқаның іске қосылуы тұтынушы мен Твиттер арасындағы байланысты нығайта түсіп, оның жеделдігін, қолжетімділігін және функционалдығын арттырды.

2011 жылдың сәуірінен бастап Твиттер интерфейсінде түрік және орыс тілдері пайда болды. Ал 2011 жылдың тамызынан бастап ескі интерфейс біржолата аланып тасталынып, оның тұтынушылары 2010 жылы іске қосылған жаңа интерфейске ауыстырылды.

2007 жылы тоқсанына 400 000-ға жуық твиттер жіберілген болса, 2008 жылы олардың саны 100 млн-ға өсті. Ал 2009 жылдың аяғына қарай тоқсанына 2 млрд твит орналастырылған. 2010 жылдың ақпан айында Твиттер тұтынушылары күніне 50 млн твит жібере алатындай дәрежеде болды. 2010 жылдың бірінші тоқсанында твиттер саны 4 млрд-қа көбейсе, сол жылдың маусым айына қарай күніне 65 млн твит жіберіліп отырған. Бұл дегеніңіз секундына 750 твит жіберу деген сөз.

Әлемде болып жатқан елеулі оқиғалар кезінде Твиттер тұтынушылары твит жіберуден үнемі рекордтар орнатумен ерекшеленеді. Мәселен, 2010 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы 14 маусым күні өткен Жапония - Камерун матчында тұтынушылар секундына 2940 твит жіберіп үлгерген. Сондай-ақ 2010 жылдың 17 маусымында өткен ҰБҚ финалында Лос-Анджелес Лейкерстің жеңісі твиттер санының секундына 3085-ке жетуіне әкелді. 2009 жылдың 25 маусымындағы Майкл Джексонның өлімінен соң тұтынушылар тарапынан сағатына 100 000 твит жіберілді.

2010 жылдың 11-сәуірінде қосымшалар өндірумен айналысатын Atebits компаниясын иеленеді. Atebits Mac және iPhone-ға Tweetie Твиттер-клиентін тартқаны үшін Apple Design Award сыйлығына ие болады. Бүгінде тегін таратылатын «Twitter» аталатын қосымша Твиттердің iPhone-ға арналған ресми клиенті саналады.

Қызмет көрсету әкімшілігінің 2011 жылдың қыркүйегіндегі мәліметтері бойынша «Twitter»-дің тіркелген тұтынушыларының саны 200 млн-нан асқан. Осы жылдың қаңтар айында ғаламтордағы қатысушылар саны 200 млн болса, қыркүйекте олар 400 млн-ға жетті. Олардың 100 млн-ы қызмет көрсету жүйесіне айына жоқ дегенде бір рет жүгінеді.

Рейтингтер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Alex Internet-тің мәліметтеріне сүйенсек, Твиттер қолданушыларының саны жөнінен әлемдегі алдынғы қатарлы 10 веб-сайттың бірі есебінде бағаланады. Түрлі зерттеулерде Твиттер тұтынушыларының саны әр қилы көрсетіліп жүр. Оның негізгі себебі Твиттердің белсенді аккаунттар санын осы күнге дейін халыққа жария етпеуінде. Compete.com 2009 жылдың ақпанында қатысушылары жөнінен әлемде үшінші орында тұрған әлеуметтік желі ретінде Твиттерді белгіледі. Ал 2009 жылдың наурыз айында Nielsen.com ресурсы оған «ең өсімді сайт» деген атау берді. 2008 жылдың ақпанында оның 475 мың айрықша қатысушысы болса, дәл бір жылдан кейін олардың саны 7 млн-ға жеткен (одан кейінгі орындарда 240 пайыздық өсіммен Zimbio және 228 пайыздық өсіммен Facebook орналасқан). Алайда Твиттер тұтынушыларының 40 пайызы ғана оны тұрақты түрде қолданады.

Статистика

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Pear Analytics мәліметтері бойынша Твиттер мазмұны:

  • Жаңалықтар
  • Спам
  • Өзін-өзі жарнамалау
  • Мәнді сұхбаттар
  • Сөйлесімдер
  • Ретвиттер немесе қайталанатын хабарламалар

болып жүйеленді.

Pear Analytics маркетингтік зерттеулер компаниясы 2009 жылдың тамыз айында таңғы 11:00 мен кешкі 5:00 (CST) аралығында келіп түскен 2000 твитті (АҚШ-тан түсетін ағылшын тіліндегі ақпарат) бақылай отырып оларды мынадай алты категорияға жіктеді:

  • Мәнді сұхбаттар – 41%
  • Сөйлесімдер – 38%
  • Ретвиттер (қайталанатын хабарламалар) – 9%
  • Өзін-өзі жарнамалау – 6%
  • Спам – 4%
  • Жаңалықтар – 4%

Әлеуметтік бағдарламалық қамсыздандыруды зерттеу ісімен айналысатын Дана Бойд Analytics зерттеуі тұжырымдамасындағы «мәнді сұхбат» атауынан гөрі мұны «әлеуметтік қамқорлық» немесе адамның басқа адамдардың ойын, ісін, сезімдерін білгісі келуін «айналадан хабардар болу» деп атауды дәл сипатты анықтама деп көрсетеді.

Қаржыландырылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Твиттердің штаб-пәтері Сан-Францискода Folsom көшесіндегі 795-ші үйде орналасқан. Твиттер 57 млн-нан астам венчурлық капитал тартты, алайда ол ашық түрде жария етілмегендіктен, нақты саны белгісіз. Қаржыландырудың бірінші кезеңінде (келісімшарттың сомасы жария етілмейді) компанияға 15 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаржы тартылды. 2008 жылы қаржыландырудың екінші кезеңінде ол 22 млн АҚШ доллары, 2009 жылғы үшінші кезеңінде 35 млн доллар көлеміндегі қаржы жұмсалды. Бұл соманы Institutional Venture Partners және Benchmark Capital ұсынды. Сондай-ақ Твиттердің өсіп-өркендеуіне басқа да Union Square Ventures, Spark Capital мен Insight Venture Partners секілді инвесторлар атсалысып, олардың тарапынан белгілі сомадағы қаржы бөлінді. Компания Union Square Ventures, Digital Garage, Spark Capital және Bezos Expeditions-тің қолдауына сүйене отырып жұмыс жасайды.

Ресурстың кіріс мөлшері жайлы кей мәліметтер Croll Hacker комьпьютер хакерінің ақпаратына негізделіп, TechCrunch журналында жарияланған болатын. Бұл мәліметтерге сенсек, компанияның жобалық кіріс мөлшері 2009 жылдың үшінші тоқсанында 400 000 АҚШ долларын құраған, ал төртінші тоқсанында бұл сома 4 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Осылайша компанияның таза кіріс мөлшері 111 млн АҚШ долларына тең келіп, оның тұтынушыларының саны 1 млрд-қа жеткен. Алайда Твиттердің негізін қалаушылардың бірі Биз Стоунның блогында хакер заңсыз әрекеттері үшін жауапқа тартылатындығы туралы ақпарат жарық көреді.

Технологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Твиттер қызмет көрсету желісі Ruby on Rails веб-платформасында құрылған (2009 жылдан бастап Scala веб-платформасында. 2008 жылдың бастапқы кезеңінде қызмет көрсету Amazon S3 сервері базасына ауыстырылды. Бұл оның қызметінің оңтайлануына әкелді. Технологияның авторы Стивен Джонсон Твиттердің негізгі механизмін «өте қарапайым» екенін тілге тиек етеді.

2011 жылы Твиттер өнімділігі мен масштабталуын арттыру мақсатында қызметін MySQL-дан Lucene-ге және Ruby on Rails-тан Java-ға ауыстырады.

Хабарламалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тұтынушылар бір тақырыптағы немесе типтегі хабарламаларды бір топқа hashtag-тың көмегімен # белгішесінен басталатын сөз немесе фраза арқылы біріктіре алады. Сондай-ақ қолданушының атының алдына қойылған d әрпі хабарламаларды жекелеген тәртіппен жіберуге мүмкіндік береді. Ал @ белгішесі басқа қолданушының жауабын алу үшін қолданылады. 2009 жылдың аяғында «Твиттер тізімдері» қызметі іске қосылды. Ол авторлар тізіміне бақылау жасап, оларды белгілеп алуына немесе жауап беруге мүмкіндік жасайды.

Хабарламалар арқылы тұтынушылар Твиттермен бес шлюзді нөмір арқылы байланысқа түсе алады. Олар АҚШ, Канада, Үндістан, Жаңа Зеландия және Мэн аралдарына арналған қысқа кодтар. Сондай-ақ Vodafone, O2 и Orange желілерінің абонентері ғана қолданыла алатын қысқа код Ұлыбританияда бар. Ал Үндістанда Твиттер Bharti Airtel-і бар болса ғана жұмыс жасауға мүмкіндік алады.

Қолданылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Твиттерді әдетте жеке, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар жаңалықтарды беру мақсатында қолданады.

Мәселен:

  • 2008 жылдың 10 сәуірі күні Берклидегі университеттің журналистика факультетінің студенті Джеймс Бак және оның аудармашысы Мысырда үкіметке қарсы шығушы топты суретке түсіргені үшін тұтқындалады. Бак «қамауға алындым» деген тіркесті сөйлемді өзінің Твиттердегі 48 тілшісіне жіберіп үлгереді. Бұл хабарлама жедел түрде университетке, Каирдегі АҚШ елшілігіне және бірқатар БАҚ өкілдеріне жетеді. Нәтижесінде Бакқа адвокаттың көмегі ұсынылып, келесі күні ол қамаудан босатылады.
  • 2009 жылы пассажирлік ұшақтың құстармен соқтығысу оқиғасы орын алды. Нәтижесінде ұшақ Гудзон суларына қонуға мәжбүр болады. Бұл жағдай да Твиттердің назарынан тыс қалмады. Оның тұтынушыларының бірі құлап бара жатқан ұшақты суретке түсіріп бірден Твиттерге жібереді. Сөйтіп ол жаңалықты бүкіл әлемге алғашқы болып жеткізеді.
  • New Scientist журналының зерттеулері Твиттер мүмкіндігінің басқа БАҚ-қа қарағанда көш ілгері тұрғанын дәлелдеп берді. Web 2.0 технологиясы мен жай ақпарат құралдары технологиясын салыстырып, оның құтқару операцияларындағы күш біріктіруді жоспарлауда біршама үстем тұрғанын анықтады. Мәселен АҚШ-тағы Қызыл Крест ұйым қызметімен байланысты орын алған түрлі оқиғалардан минут сайын хабардар болып отыруы үшін Твиттердің көмегіне жүгінеді.
  • 2009 жылдың 16 маусымында Джеймс Джойстың Улисс» романының табынушылары «Блум күнінің» құрметіне кітаптағы тараулардың бірін Твиттер қызмет көрсету желісіне орналастырады. Мұны жүзеге асыру мақсатында романның 54 кейіпкерін тұтынушылар ретінде Твиттерге тіркейді.

The Wall Street Journal Твиттер сынды әлеуметтік-желілік қызмет көрсетулер адамдарды технологияға тәуелді ететінін ескертеді. Ал Твиттер табынушылары оның керісінше қолы босамайтын достармен қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілі дегенді алға тартуда. Алайда кей қолданушылар Твиттердің аяқ-қолды жіпсіз байлайтынын, сондай-ақ оның қызметінің қымбатқа түсетінін айтып қынжылады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Wagemakers, Adrianus. There is a possibility that the quality of Twitter's users is deteriorating, Business Insider (3 тамыз 2016). Тексерілді 25 желтоқсанның 2016.
  2. Twitter показал наименьший доход за свою историю, РБК. Тексерілді 9 ақпанның 2017.
  3. a b Twitter Announces Fourth Quarter and Fiscal Year 2020 Results.
  4. Twitter creator Jack Dorsey illuminates the site’s founding document. Part I (ағыл.)
  5. Contact Us. Басты дереккөзінен мұрағатталған 11 наурыз 2012.(қолжетпейтін сілтеме) Тексерілді, 28 ақпан 2012.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]