Мазмұнға өту

Қашлық

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қашлық (Ескер)
Мемлекет

Ескер жұрты, Түмен (Сібір) хандығы

Қазіргі жері

Ресей Федерациясы, Түмен облысы

Деректерде атала бастады

1367 жыл

Басқаша атаулары

Сибир, Сибер, Көшім қалашығы

Қиралды

XVII ғ.

Қашлық, кейде Ескер (сіб.-тат. Сибир, Ескер, тат. Искәр) — ортағасырлық қала, Ескер жұртының, кейіннен Түмен (Сібір) хандығының астанасы. Қазіргі Ресей Федерациясындағы Тобольск қаласынан 17 шақырым қашықтықта, Ертістің оң жақ жағалауында Сибирка өзеніне құятын жерінде орналасқан. Бүгінде «Көшім қалашығы» (орыс. «Кучумово городище») деп аталатын археологиялық ескерткіш орны.

Каталон атласындағы Sebur қаласы (1375)

Ескер қаласы моңғол шапқыншылығына дейін пайда болды. XIII ғасырдың басына қарай қала ірі қоныс орнына айналды[1]. Кей деректердің мәлімдеуінше, Шыңғыс хан Қашлықты 1224 жылы өзге иеліктермен қоса Жошы ұлысының құрамына қосты[2]. Ш. Марджанидің тұжырымына сәйкес XIII ғасырда Қашлықта Жошының бесінші ұлы Шибанның ордасы орналасқан[3]. Қала алғаш рет Sebur атауымен ағайынды Франциско және Доменико Пиццаганилердің 1367 жылғы картасында аталып өтті. 1375 жылы тура сол атаумен Каталон атласында кездеседі. 1582 жылдың 26 қазанында қаланы Көшім ханның әскерін талқандаған атаман Ермак басып алды. Ермактың өлімінен кейін Қазақ хандығынан қолдау тапқан тайбұғалық Сейіт-Ахмет (Сейтек, Сейдақ) Қашлықта өз билігін орнатуды көздеді. Алайда, Сейіт-Ахмет пен «Қазақ Ордасының ханзадасы» Ораз-Мұхаммедтің 1588 жылы тұтқынға түсуі қаланың дағдарысы мен құлдырауына алып келді.

Қала атауының пайда болуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Меркатордың картасындағы Сібір иелігі мен Сібір қаласы (Sibier)

Сібір хандығында қоныстанған халықтардың алуан түрлілігі қала атауына әсер етті:

  • Кашлык (түркі) - бекініс, нығайтылған елді-мекен. Сібір татарларының тілінде «Кышлык» сөзі «қысқы» немесе «қыстау» мағынасында қолданылады.
  • Искер (об-угор) - ийс - «ескі» және кер (кар) - «қала» мағынасында. Мысалы, Сыктывкар, Кудымкар және т.б.
  • Сибир - моңғолдың сибэр - «таза», «әдемі» немесе шибир - «батпақ» сөздерінен.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Левашова В. П. О городищах Сибирского юрта // Советская археология, 1950. № 13. — Стр. 341—351.
  2. Краткая история сибирских татар.
  3. Атласи Х. История Сибири. — С. 43.