Шалғы
Көрініс
Шалғы, Қолшалғы – шөп шабуға арналған құрал. Халық тілінде шалғының қолшалғы, белорақ, тартпа, қырғы деген жергілікті атаулары да бар. Шөп, егін шабатын машиналар шыққанға дейін шөпті шалғымен шабатын. Қазір шалғы машина жүре алмайтын жерлердің шөбін шабуға пайдаланылады. Шөпті орақпен орғаннан гөрі шалғымен шабу өнімді.[1]
Жасалуы мен сипаты
Оның жүзі үлкенді-кішілі болып жасалып, әр адам өзіне лайықтысын пайдаланады. Басы темірден қайқылау жасалып, өткір жүз салынады. Жұмыр түзу ағаштан сабын жасап, тұтқа орнатады.
- Шалғыны саптау. Саптаудың өзіндік мәні бар. Оны саптағанда басының дұрыс тұруына ерекше мән беріледі. Егер шалғы басы шалқалап қалса шөп шапқанда шөпті қалың алып дұрыс жүрмейді. Ал өте қатты ішіне қарай имек болып кетуі де дұрыс емес. Сондықтан да оның жөнін білетін шалғышы қалыпты мөлшермен саптайды. Саптар алдында алдын ала дайындалған қарағай, тал т.б. сапты қолға ыңғайлап көріп алады. Одан кейін оны жуан келген басының бір жағын шалғының шүйдесі тегіс жататындай шабады. Шабылған орынға шалғының бүртігі бар жағын жатқызып, басының дұрыс тұрғанын тексеріп балғамен ұрып қағады. Одан ары оған тұйық дөңгелек темірден құрсау кигізіліп ағаш сынамен сыналанады. Оның сабының ортан беліне (адам кіндігіне келетін тұс) алдын-ала дайындалған тұтқаны арасына киіз т.б зат сала иіліп, екі басы бір-біріне жіп немесе қайыс таспамен тартып тұрып байланып бекітіледі. Шалғы тұтқасы көк талдың (жуандығы адам қолына шақталып) екі қарыстай кесілген кесіндісінен дайындалады. Оның қабығын сыдырып дәл орта тұсынан төртбұрышты етіп ұңғылып ойылады. Бұл кейін тұтқаны шалғы сабына бекіткенде тез иілуіне және сапқа оралып тегіс жатуына жақсы болады.
- Шыңдау және қайрау. Шалғы төске қойылып шыңбалғамен жүзі біртегіс шыңдалады. Мұны шалғы шыңдау деп атайды. Шыңдауы дұрыс болмаса, яғни, жүзіне қалта шығып кетсе, кедір-бұдыр болып шөпті тұтып жүрмейді. Сондықтан, шыңдауға ерекше мән беріледі. Кейінен оны сабын жерге тіреп тұрып, басын аударып ұстап құмқайрақпен үстінгі (шөп шапқандағы астыңғы жағы) бетін екі рет, ал астыңғы жағын бір реттен жануды бірнеше рет қайталайды. Шөп шабу кезінде осындай шыңдау мен қайрауды көп көрген, көп ұсталған шалғы ел арасында «кәрі шалғы» аталады. Өйткені оның жүзі әбден жұқарып жіңішкереді.
- Шалғы тарту. Шалғы тартудың да өзіндік ерекшелігі болады. Кейбір шалғышылар шалғыны ұрып шапса, ал біреулері айналдыра тартады. Ұрып шапқанда оның ұшы шөпке қиялай тиеді. Сондықтан да оның арты қияланып көрініп тұрады. Шалғыны жақсы тартатын адам оны айналдыра, сыдырта тартқанда екі, екі жарым адымдай аралықтағы жердің шөбін алып отырады. Шалғы тартқанда шөпке жұқалап салып отырады. Ал көбірек аламын деп қалыңырақ салып жіберсе, біріншіден шалғы «қақалады», екіншіден шалғышының қары мен беліне күш түседі. Шалғы шөбі шалғышының сол жағына жал болып түседі, әрі қурамай жатады. Бұл кейін шабылған шөпті жинап шөмеле салғанда да қолайлы.[2]
Дереккөздер
- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 9 том 18 бөлім
- ↑ ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
Әдебиеттер
- Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969;
- Хозяйство казахов на рубеже XIX-XX веков. Материалы к историко-этнографическому атласу. Алма-Ата: Наука, 1980;
- ҚӘТС. Алматы: Арыс, 2009;
- ҚР МОМ – материалдарынан;
- ОМЭЭ – материалдарынан.