Технополис
Технополис – ғылымды, білімді және жоғары деңгейде дамыған өндірісті аумақтық біріктірудің қазіргі заманғы нысаны; еркін экономикалық аймақтың бір түрі. Технополис ғылыми-зерттеулер негізінде үздіксіз инновациялық циклді қамтамасыз ететін ғылыми орталық төңірегіне біріккен бірыңғай ғылыми-өндірістік және оқу, сондай-ақ тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық аймақ болып табылады. Қазіргі өркениет дәуірінде білімнің, ғылым мен техниканың, ғылымды қажетсінетін бизнестің, тәуекелшіл капиталдың халықаралық, ғаламдық ауқымдағы ғылыми және іскерлік белсенділігінің тұтас тізбегін туғызатын қала да технополиске жатқызылады. Технополис айрықша экономикалық атқарым тетігінің болуымен ерекшеленеді және қаланы, аймақты дамытудың, мысалы, аймақтың өнеркәсіптік базасының экономикалық тиімділігін арттырудың, экологиялық таза өндірістер құрудың, т.б. белгіленген бағдарламасымен біте қайнасады. Технополис құрылымына оның негізгі топтамаларының бірі ретінде алуан түрлі парктер кіреді. Орындалатын міндеттердің сипаты мен көлеміне қарай мынадай түрлерге бөлінеді:
- ғылымды қажетсінетін технологиялармен байланысты жаңа фирмаларға жәрдемдесуді мақсат ететін инновациялық орталықтар;
- жаңа фирмаларға да, кемеліне келген фирмаларға да қызмет көрсететін, университеттермен немесе ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыс орнататын зерттеу немесе ғылыми парктер;
- жаңа ашылымдарды енгізу мақсатымен кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыратын идея мен ақпарат алысып тұратын оңтайлы ұйымдық ғылыми-өнеркәсіптік аймақ болып табылатын технологиялық парктер; жоғары технологиясы бар жаңа фирмаларды дамыту үшін құрылатын қызмет көрсетуші кәсіпорындар болып табылатын технологиялық орталықтар;
- тұтас өңірлерді технологиясы жоғары аймақтарға айналдырумен байланысты технокешендер мен ғылыми парктердің конгломераттары (белдеулері).
Технополис құру айтарлықтай ақша қаражатын тартуды және уақытты талап етеді. Технополистің неғұрлым тұрпатты басқару органы – басқарма (комитет). Оған негізгі құрылымдықатқарымдық секторлардың (бөлімшелердің), университеттердің, іскерлік орталық компанияларының немесе коммерциялық палатаның басшылары, сондай-ақ жергілікті билік органдарының, банктердің, демеушілердің, т.б. өкілдері кіреді. Басты ғылыми-зерттеу бөлімшесінің немесе негізгі ғылыми-өндірістік компанияның басшысы әдетте басқарушылық рөл атқарады. Егер технополис акционерлік қоғам болса, онда акционерлер жиналысы басты басқарушылық орган болып табылады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |