Мазмұнға өту

Садақ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Олимпиада садағы

Садақ — жебе атуға арналған қол қаруы. Ағаштан доғаша иіп немесе иілген іспетті екі бөлікті жалғастырып, екі ұшын қайыспен керіп, сол кермеге оқ (жебе) салып, тартып ататын, өте көне замандардан келе жатқан қару атауы. Алыс қашықтықтан ұрыс жүргізуге арналған. Садақты тас дәуірінен 20 ғасырға дейін дүние жүзінің барлық халықтары пайдаланған. Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды[1]. Күрделі садақтың сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталады, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады (қ. Құрама садақ). Күрделі садақты ежелгі Шығыста, оның ішінде сақтар, кейінірек ғүндар мен Орталық Азия халықтары көп қолданған. Қазақ садағы көшпелілер садағының жетілдірілген жалғасы болып саналады. Ауыз әдебиетінде садақтардың қолданылған материалдарына қарай “қайың садақ”, “қарағай садақ”, “үйеңкі садақ” деген атаулары кездеседі. Қайыңның қабығымен қапталған, сарғайған түсіне байланысты “сарыжа”, “сарсадақ” деген атаулары да бар. [2]

Садақ тарту

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Садақ тарту, спорттың ежелгі түрлерінің бірі. Мұны археологиялық қазбалар дәлелдеді. Адамзат дамуының басталуында садақ негізгі аңшылық қару болды, кейін оны әскери мақсаттарда пайдалана бастады. Еуразия халықтарында садақ ату ерте кезден бастап дами бастады. Қазір ол Қазақстанда, Қырғызстанда, Башқыртстанда және басқа да республикаларда көпшілікті тартатын ұлттық спорт түрі болып табылады, ал Бурятияда ешбір ұлттық мейрам садақ атусыз өтпейді, оған мыңдаған адамдар қатысады. Біздің уақытымызда Садақ тарту спорты кең тараған. Ол мергеннен жалпы жақсы дене дайындығын, дәл есептеуді және кездеу әдістерін меңгеруді талап етеді. Садақ атумен кез келген жас пен жыныстағы адамдар шұғылданды. Жарысқа жасы 14-ке жеткен мергендер қатыса алады. Садақ тартудан халықаралық бірлестік 1959 ж. құрылды. Оның жабдығына садақ пен жебеден бөтен: адырнадан киімді қорғайтын көкірекшеден адырнаның соғуынан сол қолдың сақтайтын биялай білезігінен; оң қол саусақтарының мүйізгестенуінен сақтау үшін қалқан немесе саусақ қаптан, жебені алып жүру үшін қорамсақтан, жебені ылғал мен лас заттардан тазарту үшін шашақтан (кистыдан); металл жебені түзейтін машинкеден және басқалардан тұрады. Садақ тарту өтетін орын атыс орны деп аталады. Оның үш жағына қауіпсіздік алабы (ені 20 м.-кем емес) жасауы тиіс және тиісті өлшемі болуы керек. Біздің елімізде садақ атудан жарыс: әйелдер үшін - 30,50 және 70 метрлік, ерлер үшін - 30, 50, 70 және 100 метрлік қашықтықта өткізіледі. Орындайтын жаттығуына байланысты әрбір мерген нысанаға 72 жебені атады, Мұнда байқау атуы болмайды. Садақ тарту командасы әдетте 4 мергеннен тұрады, есеп 3 тәуір нәтиже бойынша жүргізіледі. Садақ тарту әдісі күрделі емес, бірақ оны толық игеру ұзақ және көп еңбектенуді қажет етеді. Спорттық садақ тартудың екі түрі бар.

Садақ тарту тәсілі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Садақ тарту тәсілі (көне.) ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған. Садақ тарту тәсілі қазақ халқының жамбы ату, алтын хабар, теңге алу секілді ұлттық ойындарында кең тараған. Бұл ойындар жаугершілік кезеңіндегі әскери тәрбие секілді машықтану мектебі болған.[3]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Әскери іс. Алматы:"Мектеп" ААҚ , 2001
  2. Қазақ энциклопедиясы, 7 - том
  3. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3