Мазмұнға өту

Жарық (ауру)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
 Басқа мағыналар үшін Жарық (айрық) деген бетті қараңыз.

Жарық (hernіa) — іш қуысында жатқан органдардың немесе олардың бөліктерінің әдеттегі орнынан іш пердесімен бірге тері астына шығуы. Ж. кезінде Ж. қақпасы, Ж. қабы (іш пердесі), Ж. қабаттары пайда болады. Ж. шыққан (орналасқан) жеріне қарай шап Ж-ғы, сан Ж-ғы, кіндік Ж-ғы және кіндік тұсы Ж-ғы, т.б. деп ажыратылады. Ж., көбінесе, жүдегенде, қатты күш түскенде, күшенгенде, әйелдің жүкті кезінде, т.б. пайда болады. Сонымен қатар Ж. туа пайда болған және жүре пайда болған деп бөлінеді. Жас балалар мен орта жастағы адамдарда, көбінесе, ер адамдарда жиі кездеседі. Ішкі органдардың жарақаты асқынып ұзаққа созылса, тыртықтанып бітіп, кейіннен сол жер Ж-қа айналады. Ж-тың салынатын, салынбайтын, қысылған түрлері бар. Салынатын Ж. шыққан тінді қолмен сипап түзеткенде орнына түседі. Егер тін қабаттары бір-бірімен жабысып, бұратылып, түйінге айналса, салынбайтын Ж. деп аталады. Ж. кезінде әр түрлі асқынулар болады (мыс., органдардың қан айналымы бұзылып, тіннің қоректенуі нашарлайды), олардың ішіндегі ең қауіптісі — Ж-тың қысылуы. Бұл қысылған органның біртіндеп өз тіршілігін жоюына әкелуі мүмкін. Ж-тың негізгі белгісі: теріні көтеріп, томпайып шығады. Сол томпайған жерді саусақпен басқанда, Ж. қақпасын анықтауға болады. Томпайған жер іш қуысына түскен қысым күшейгенде ұлғаяды да, адам жатқанда жоғалып кетеді не оның көлемі кішірейеді. Ж-ты емдеудің негізгі жолы — хирургиялық операция жасау. Оны жасауға болмайтын жағдайда әр түрлі бандаждар қолданылады. Салынатын Ж-ты дәрігер қолмен сипап орнына түсіреді. Ж. жануарларда да болады. Әсіресе, кіндік Ж-ғы, іш Ж-ғы, ұма Ж-ғы, шап Ж-ғы жиі кездеседі. Іштен туа пайда болған Ж. жас төлдерде кіндігінің дұрыс бітпеуінен, ал жүре пайда болатын Ж. мал ауыр туғанда, арықтағанда, жарақаттанғанда болады. Малдағы Ж-ты емдеу үшін Ж. тесігін бітеп, Ж. қабы мен салбырап қалған теріні сылып тастайды.